2023 жылы 22 сәуірде Қызылордада бәйгеден Қазақстан Республикасы Чемпионатының іріктеу турнирлері басталды. Алғашқы турнирді аша отырып, өңір басшысы Н. Нәлібаев халқымыздың менталитетінде терең тамыр жайған ат міну мәдениетін, оның тарих пен дәстүрмен байланысын ашып айтты.
“Бәйге” федерациясының президенті Қанат Көпбаев бәйгенің халқымыз үшін маңыздылығын атап өтті:
“Ат спорты, оның ішінде бәйге-біздің халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі. Бұл тек спорт түрі ғана емес, сонымен қатар ерекше мәдениеттің, біздің ұлы ата-бабаларымыздың мұрасы. Біздің міндетіміз – ұлттық спортты дамытып, насихаттау. Бүгін спортшыларға сәттілік тілеймін!”.
Құнан бәйге бойынша жүлде қоры 6 700 000 теңгені құрады. I орынды лақап аты Нұркелді атты жылқы иеленіп, бас ақшалай сыйлық 3 млн теңге алды.
Топ бәйге бойынша жүлде қоры 9 600 000 теңгені құрады. Үздік болып Алматы облысынан келген Семсер атты тұлпар I орын алып, 5 млн теңге жүлдені иеленді.
Аламан бәйгеде I орынды Алға атты айғыр иеленді, ол жарыстың бас жүлдесі — автокөлікті ұтып алды.
Турнир аясында барлық жастағы қатысушыларға арналған “Ұлттық киім - ұлт ажары” ұлттық киім түрлерінің байқауы алғаш рет ұйымдастырылып, байқауға 53 қыз-келіншек қатысты. Бас жүлде иегері Әділбаева Әйгерім болды.